«Көлсай көлдері» МҰТП РММ құрылғанына 10 жыл

Please follow and like us:
Facebook
Follow by Email
Twitter
YouTube
Instagram
«Көлсай көлдері» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 10 жыл
 Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған  еліміздің үшінші жаңғыруына кіріскені баршамызға  аян. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға  алуды ұсынды. Онда жастарды Отанды сүюге, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік пен патриотизмге шақырды.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасының Қазақстан Республикасының 4-ақ пайызын қамтитын орман-тоғайлы жерлері мен табиғи-тарихи кешендерін  қорғау мақсатындағы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру»  жөніндегі игі бастамасын бүкіл ел қуана қуаттап, ризашылығын білдірді. «Табиғатты сақтау — өз еліміз бен барлық адамзаттың өсіп — өркендеуін қамтамасыз ету» — деген Елбасының қанатты сөзі осының куәсі.

 Соның бірі Алматы облысындағы  ұлттық парктердің бірі «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі.
 «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі — бірегей  табиғи кешендердің биологиялық және ландшафтық  саналуандығын сақтауға, олардың табиғи кешендерін қорғау және қалпына келтіру, экологиялық – ағартушылық, ғылыми, туристік-рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау және ғылыми мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Ұлттық парк Қазақстан Республикасы  Үкіметінің  7 ақпан 2007 жылғы № 88 қаулысына сәйкес   құрылған, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитеті болып  табылады.
«Көлсай көлдері» ұлттық парк аумағында теңіз деңгейінен 1800-3500 метрдей биіктікте орналасқан, жануарлар мен өсімдік әлеміне бай, сонымен қатар сирек және жоғалып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі кездеседі. Табиғи ортаның  жабайы күйі, адамдардың қол тимеген жекелеген бөліктері де сақталған. Көне мәдениеттік  мұраның  орындары да бар.
Ұлттық парктың жері табиғи – ауа райы жағдайынан таулық ландшафт тобына жатады. Әкімшілік қатынаста  ұлттық парк аумағына Алматы облысы Райымбек ауданының батыс бөлігі және  Талғар ауданының шығыс аумағы кіреді.
Ұлттық парк аумағындағы елді мекен  Райымбек ауданы бойынша ғана орналасқан, олар: Саты, Күрметі, Қарабұлақ және Алғабас ауылдары.
2015 жылы «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» ұлттық парк аумағына таксациялық жұмыстар жүргізді. Таксациялық жұмыстың негіздемесіне сәйкес, ұлттық парк аймағы төрт орманшылыққа бөлінген : Қарабұлақ, Көлсай, Күрметі, Таушелек. Төрт орманшылықта орманшы-4бірлік, орманшы көмекшісі-2 бірлік, орман шеберілері -15 бірлік, мемлекеттік инспекторлар саны-70 бірлік болып  жұмыс істейді.
Бекітілген құрылым бойынша ұлттық парк қызметкерлері штат кестесіне сәйкес 126 бірлік.  Сонымен қатар ұлттық паркте техникалық қызметкерлер саны 30 бірлік болса, маусымдық жұмыстарға 15 адам тартылып, арнайы есеп шот есебінен 7 адам алынып барлығы 50 адам  жұмыс жасайды.
Бекітілген функционалдық зоналар төрт аймаққа (зонаға) бөлінген:
— Қорық аймағы – 67962 га – 42,2 %;
— Экологиялық тұрақтылық аймақ — 16715га – 10,3%;
— Рекреация және туризм аймағы – 9451га – 6%;
— Шаруашылығы шектеулі аймақ –  66917га – 41,5%
23 -24 қазан күндері  ұлттық парктің құрылғанына 10 жыл толу мерекелік шарасы өткізілді.  Ұлттық парк аумағында 15 бас қар барысын дәлелдеуімізге байланысты 10 жылдық шара 23- қазан Дүниежүзілік қар барысын қорғау күніне байланысты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. 
          Ұлттық парктің табиғат жағдайына келсек, аумақты «жер бетіндегі жұмақ»-қа теңеуге болады.  Өсімдіктер  мен жануарлар, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафтар әлі де болса, адамдардың аяғы баспаған, шаруашылық тіршілігі жүргізілмеген ерекше табиғи орта бар. Олардың ішінде аса құнды табиғи көрнекілігімен тартатын Қайыңды, Саты, Көлсай, Күрметі, Талды, Құдырғы, Кіші өрікті, Үлкен өрікті, т.б. барлығы үлкенді-кішілі 20-дай өзендер бар, олар Солтүстік Тянь-Шань тауының Күнгей Алатау сілемдеріндегі Шелек өзеніне құяды.  
«Солтүстік Тянь-Шань маржандары» атанған Күнгей Алатауы қойнауында Көлсай, Қайыңды көлдері орналасқан. Бұл көлдердің пайда болу тарихы шамамен 1887-1911-жылдарға сәйкес келеді. Көлдер тектоникалық жағдайлардың әсерінен пайда болған.
      Паркте жабайы жануарлар мен құстарды есепке алу жұмыстары зоология институтының әдістемесі бойынша, Алматы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының өкілдерінің және парктің жабайы аңдар әлемін қорғау саласындағы аңтанушы мамандармен, инспекторлармен бірлесіп жүргізіледі.
       Мекеме тарапынан жабайы жануарларды қосымша азықтандыру ұйымдастырылған:  шөп  шабылып  ақырларға салынады, науалар мен жалақтарға тұз себіледі, сондай-ақ  тұзды сыпыртқылар әзірленеді.
          Мекемеде ұлттық парк  аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғат байлықтарын сақтау алға қойылған.
           Қорытып  айтсақ, «Көлсай көлдері» МҰТП РММ бүгінде дүние жүзінің біршама дамыған мемлекеттеріне танымал болып үлгерген, болашағы зор туристік кешендердің біріне айналып келеді десек, қателеспейміз. Туристік топтарды қабылдау, оларға ақылы қызмет көрсету, туристік топтарға орындар ұсыну жұмыстары қолға алынған. Парк Алматы қаласындағы «Компос» ЖШС, «Азия дисковери» ЖШС, «Бласт Тур» ЖШС, «Жібек жолы» компаниясы секілді туристік ұйымдар-фирмалармен келісім шарт арқылы жұмыс істейді.
Ұлттық парктің кез келген аймағы туристік рекреациялық қызмет көрсетуге өте қолайлы. Мысалы; 2007  жылы ұлттық парк алғаш құрылған кезде аумаққа келушілер саны 6822 адам болса, бүгінгі күні бұл сан 34 мың адамға жетіп, республикалық бюджетке 8млн 502 мың тенге, арнайы есеп шотымызға               9 млн 310 мың ақша қаражаты түсті. Бұл өз кезегінде ұлттық парк аумағына келуші туристер мен демалушылардың санының 5 есе өскендігін көрсетеді.
Белсенді жарнамалық жұмыстардың арқасында алыс және жақын шетелдерден орта есеппен жылына 350-400 –ге жуық демалушылар келеді.
Ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімі зоология, ботаника және Қазақтың Ұлттық Аграрлық университетімен тығыз қарым қатынаста жұмыс атқарады. Осындай еңбектің арқасында жылма- жыл ғылыми еңбектер жарық көріп отырады.  Осы жылдар ішінде ұлттық парк аумағында тіршілік ететін «Сүтқоректілер әлемі»,  «Құстар әлемі»,  «Өсімдіктер әлемі» туралы,  «Омыртқасыздар» туралы және ұлттық парктің ғылыми еңбектер топтамасы атты 5 түрлі кітаптар жарық көрді. 
       Тәуелсіздік алған жылдар ішінде бір ғана  Алматы облысының өзін алғанда бес ұлттық табиғи парктердің құрылуы еліме,  еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  елімі, жеріме деген азаматтық парызының биік шыңы екенін мойындауымыз керек. Кеңестік кезең мен тоқырау жылдарында бес жылдық жоспар сылтаумен орман тоғайымыз аяусыз тоналып, аң құсымыздың сансыз азайғаны өтірік емес. Бүгінгі күнде ұлттық табиғи парктерді құру арқылы табиғатымызды қорғап қана қоймай, толағай табыс көзі — туризмнің дамуына кең өріс ашылып отыр. Туризм даму үшін қажетті инфраструктуралар қатарында Елбасының бастауымен бүгінгі күнде қарқынды жүмыс істеп тұрған бағдарламалардың бірі —  «Нұрлы Жол» бағдарламасы. Міне осы «Нұрлы Жол» бағдарламасымен  Алматы- Көлсай республикалық маңызға ие автомобиль жолының жұмысы 2016 жылдан басталып,  ел игілігіне 2018 жылы берілгелі отыр. Бұл  өз кезегінде алыс және жақын шет елдерден «Жетісудың жер жанаты» атанған Көлсай, Қайыңды көлдеріне келуші туристермен демалушылардың  легіне кең өріс ашатыны сөзсіз.
Ұлттық  парк құрылып жұмыс істей бастағалы да біршама жетістіктерге қол жеткізді. Осы он жыл ішінде мекеме қызметкерлері орман-тоғайымызды, жабайы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін зиянкестерден, аурулардан, қаскерліктен қорғау, орман өрттерін болдырмау, молайту үшін бар күш жігерлерін жұмсай отырып қызмет атқарып келеді.
Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары нысанды киімдермен, мініс аттармен, байланыс құралдарымен, қару-жарақпен және басқа да қажетті құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Осы жылдар ішнде орманды молықтыру саласы бойынша 230 га жерге орман көшеттері отырғызылып, оған жылма-жыл күтіп баптау жұмыстары жүргізіліп отырады. Жанама орман пайдалану бойынша жылына 150-200  га шабындық жерге, 3500-4000 га жерге мал жайылымына  орман билеті беріледі. осы жылға дейін орманды сауықтыру мақсатында  іріктеп санитарлық кесу арқылы жылына 300  текше метрге дейін ағаш дайындалып жергілікті тұрғындар отынмен қамтамасыз етіліп келді.
Орманды қорғау, күзету саласы бойынша жыл сайын аудандық ІІБ және «Саты» шекара заставасымен бірлесіп  бекітілген, жұмыс жоспары бойынша ұлттық парк аумағында рейдтар жүргізіліп отырады.  Орман өрттері болдырмау, алдын алу іс шаралар жоспары аудандық, жергілікті әкімшіліктермен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесе отырып жасалады. 
Сонымен қатар мекеменің орталық кеңсесі толық жөндеуден өткізілді. Құдырғы кордоны жарамсыз болғандықтан бұзылып, қайта салынды. автокөлік бармайтын жолсыз жерден Мәжі көлінің жанынан бір кордон жаңадан салынып, пайдалануға берілді.
Басқа қызметтік кордондар толық жөндеуден өткізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде  биылғы жылыдың  9 айлық есептік көрсеткіші бойынша ұлттық парк Қазақстан Республикасы ұлттық парктері арасында рейтинг бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Құрметті ұлттық парктер мен орман шаруашылығы саласындағы қадірменді әріптестер!  
 «Орман – Отан байлығы» десек осы аз ғана орман тоғайымызды көзінің қарашығындай сақтайтын, орман–тоғайымызбен,  ондағы байлығымызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізуші мамандар   тәрбиелейді деп сенеміз. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз, өз істеріңізге деген адалдық күнделікті міндеттерді орындап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі экономикалық жағдайда сала жұмысын жетілдірудің жаңа тетіктерін табуға көмектеседі.  Қазақстан Республикасын гүлдендіру жолындағы еңбектеріңізде жетістіктер мол болсын. Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт пен бейбіт ғұмыр  тілейміз!
Please follow and like us:
Facebook
Follow by Email
Twitter
YouTube
Instagram

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *